​Атырауда қаза тапқан полицейді бір минуттық үнсіздікпен еске алды

29 наурыз, 12:00

Жол-патрульді полициясы жасағының таңғы жиыны бүгін минуттық үнсіздікпен басталды. Полицейлер әріптестері Шалқар Ақымғалиевті еске алды. Ол Орал өзеніне көпірден секірген әйелді құтқару үшін суға батып кеткен болатын. Шалқарға әріптесі көмекке келіп, әйел құтқарылды. Ал Шалқарды қатты ағыс төменге алып кетті.

Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының жол-патрульді полициясы полкінің командирі, полиция полковнигі Манап Саттаров өз сөзінде тәртіп сақшыларының бейбіт уақытта қаза табуы қиын жағдай екенін айтты.

Ол бұған қоса Шалқар Ақымғалиевтің қазасы жас жігіттің туыстары мен жақындары үшін ауыр қаза екеніне тоқталды.
«Өкінішке қарай, ішкі істер органының тарихында өз өмірін басқалар үшін қиған осындай әріптестеріміз туралы оқиғалар көп», - деді полиция полковнигі.
Саттаровтың пікірінше, өзгені сақтап қалу үшін өз өмірін қиятын полицейлердің ерлігі азаматтық пен жастарға үлгі саналады.