​Шымкенттік шаштараз Мәскеудегі тележобаларға қатысуда

11 желтоқсан, 10:44

Шымкент қаласының тумасы Алла Козева Мәскеуге отбасымен жуырда ғана көшіп барды. Дегенмен, алғашқы жылдың өзінде-ақ қарап отырмай, өз клиенттерінің көңілінен шығумен қоса Ресей астанасындағы белгілі теле-шоулардан көрінуге шындап кіріседі.

Осылайша шаштараз қыз «Первый каналдан» бір-ақ шықты. Ең алдымен «Модный приговор» бағдарламасында шаш үлгілерін жасай бастайды. Алла телевизиядағы ең алғашқы тәжірибе ұзақ уақыт есте қалады дейді, дегенмен, одан кейінгі таныстықтары да қызық бола түскен.

«Өз ісіңнің шебері болсаң, жұмыс істеу қиын емес. Мәскеудегі сәннің Шымкенттегі сәннен айырмашылығы жоқ. Мәселе тек клиенттердің қалауында. Шымкенттіктер бұл жағынан еркін, талаптары жоғары. Ал мұндағы халық асқан талапшыл емес», - дейді шаш үлгісінің шебері.
Алла бұдан кейін Вячеслав Зайцевпен жұмыс істеді. Шаштараз ресейлік белгілі суретші-модельердің киім үлгілерін көпшілікке таныстырып, подиумға шығатын модельдерді дайындаған. Шаштараздың айтуынша, өзі мұнымен тоқтап қалмақ емес, тағы да жоспарлары бар.
«Бұл мен үшін жай ғана спорттық қызығушылықты қанағаттандыру. Үлкен жобалардың ішінде жұмыс істеп көру қызық. Бұған қоса «Голос» бағдарламасы мен басқа да жобаларда жұмыс істеп көргім келеді. Ол үшін сондай мүмкіндікті ұйымдастыра алатын адамдармен байланыста болсаң, жеткілікті»,- дейді Алла.

Бойжеткен туған қаласын сағынышпен еске алады және тек Шымкенттегі клиенттер ғана өз шеберін іздеп, қайда болса да баруға дайын екенін айтады.
«Мәскеуге шаш үлгісін жасату үшін баратындар сирек. Дегенмен, ондайлар Шымкентте бар. Шымкент – менің жүрегімде! Әрине, достарымды, клиенттерімді (олар ерекше жандар) және осынау әсем қалада тұрған уақытымды ұмытпаймын!»,- дейді Алла.
Айта кетейік, Алла Шымкентте де клиенттері үзілмейтін шебер болған еді. Сондықтан, отандастарымыздың басқа елдердің астаналарын бағындырып жүргені қуантады.