Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берікжан Досмайыловтың мәліметінше, жергілікті тұрғын қауіпті індетті елордада жұқтырған. Бұл туралы шенеунік арнайы брифинг кезінде мәлімдеді.
«Бүгін Павлодар облысының 1988 жылы дүниеге келген тұрғынынан коронавирус анықталды. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққан адаммен байланысты болған. Пациент инфекциялық госпитальге жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қалыпты. Дене қызуы тиісті деңгейде, денсаулығына шағымы жоқ. Бұл азаматпен байланыста болған адамдар табылды және қажетті эпидемияға қарсы шаралар қолданылды», - деді Берікжан Досмайылов.
Еске салсақ, бүгін Павлодарда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді. Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша Қазақстанда қауіпті тіндетке шалдыққандар саны 125 адамға жетті.