Павлодарлық бойжеткен құрбысын алдап, оның атынан интернет арқылы несие алған

30 шілде, 13:47

Бұл туралы СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

Петропавл қаласының 19 жастағы тұрғыны интернет арқылы микрокредиттік ұйымнан 22 мың теңгенің несиесін рәсімдеген. Ол үшін құрбысының құжаттарын пайдаланыпты. Кейін танысына туған-туыстары ақша жіберуі үшін оның банк картасының нөмірін бергенін айтқан. «Құрбысынан» қаскүнемдік күтпеген зардап шегуші картасына түскен ақшаны алып береді. Өтірік «қарызды төле» деген хабарламалар келе бастағанда ғана ашылыпты.

«Бұл жағдайда қыздың құжаттары пәтерде көзге көрінетін жерде жатқан. Алайда көп жағдайда қаскүнемдер өз құрбандарының дербес деректерін қашықтықтан алуға тырысады. Интернет арқылы келісім жасағанда олар құжаттардың: жеке куәліктің, түбіртек, чектердің фотосын жіберуді сұрайды. Бұлардың әрқайсысы сіздің қаржыңызға жол ашуы мүмкін. Тіпті жеке куәліктегі фотоның өзі несие рәсімдеуге жеткілікті», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев.

Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқ интернет арқылы тауар сатып алатындығын айтып, сатушыға телефонына хабарлама арқылы келген кодты айтуды сұрайды. «Код - алдын ала төлем жасау үшін қажет» деп түсіндіреді. Шындығында кодқа қол жеткізген алаяқ оның банк шотына кіруге мүмкіндік алып, ондағы бар ақшаны шешіп ала алады. Интернет алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – қымбат дүние, мысалы, пәтер алушыны алдау. Арзан пәтерге қызыққан сатып алушы хабарласқасын-ақ, алаяқ өзінің шет елде жүргенін, пәтердің ақшасын толық төлеген жағдайда ғана келетінін айтады. Ол үшін сатып алушы толық сомманы өзінің кез келген туысқанының шотына аударып, түбіртектің көшірмесін салып жіберуі қажет. Оны алғасын-ақ қаскөй шоттағы ақшаға әлемнің кез келген банкінен еш қиындықсыз қол жеткізеді.

«Интернет алаяқтардың құрбанына айналмау үшін дербес деректерді ешкімге айтпау керек. Жеке куәліктің, банк карталарының, түбіртектердің фотосуреттерін ешкімге бермеңіз. SMS хабарлама арқылы келетін кодтарды, жасырын сөздерді, пин-кодтарды құпия сақтаңыз», - дейді Марат

Жұмалиев. СҚО-да полицейлер жыл басынан интернет алаяқтық қатысты 29 қылмысты ашты.