Педагогтар не күте алады? Министр заң жобасын таныстырды

19 қыркүйек, 13:00

Парламент Мәжілісінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Депутаттар алдында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің ынталандыру шараларына қарастырылғанын атап өтті. Одан өзге "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапаттың жаңа түрін енгізу де жоспарға қойылған.

«Ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерді еңбекақысын арттыру, «Үздік педагог», «ЖОО-ның үздік оқытушысы» гранттары сияқты қолданыстағы барлық әлеуметтік кепілдіктер де міндетті түрде заң жобасында сақталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алдағы төрт жылда мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге арттыру көзделіп отыр. Алдағы жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі», - деді министр.

Нақтырақ айтқанда, 2024 жылға қарай білім беру саласында істейтін 500 мың мұғалімнің жалақысы екі есеге өседі. Министрдің сөзінше, бүгінде ұстаздардың жалақысы еліміз бойынша орташа жалақы деңгейінен төмен, небәрі 110 мың теңге.

Одан өзге сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді. Сонымен қатар педагогтардың еңбек демалысын ұзарту мәсеесі де аталған заң жобасына еніп отыр.

"Барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге ұзарту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу қарастырылып отыр",- деді Асхат Аймағамбетов.