СҚО-да полицейлер есірткімен күрестің жаңа форматын ұсынды

17 мамыр, 12:00

Синтетикалық есірткі сататын сайттардың қабырғалардағы жарнамалары қазіргі заманның басты проблеммасы. СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткімен күрестің жаңа форматын ұсынды. Олар суретші-волонтерді бояуымен және қылқаламдармен қамтамасыз етті. Ол өз кезегінде қабырғаларды суреттермен өрнектеп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі екі үйді қосатын арка "Дарын"мектеп-лицейінің жанында орналасқан. Мұнда күн сайын жүздеген бала өтеді. Енді олар қауіпті жарнаманың орнынан гүлдер мен торғайлардың суретін тамашалайтын болады.

"Стрит-арт (көше өнері) символында торғай еркіндікті білдіреді. Мен есірткіге тәуелділіктен азаттық идеясын таңдадым. Торғай суретінің тағы бір мәні - орындалған арман. Бүгінде біздің қаланы әдемі және қауіпсіз ету ниетім ішінара орындалғанын мақтанышпен айта аламын", - деді суретші Станислав Алерт.

Полицейлер қала тұрғындарын есірткіге қарсы күреске қосылуға шақырады. Жарнаманы байқаған әрбір адам оны өз бетінше бояй алады. Немесе ол туралы 8-707-500-96-65 нөмірі бойынша хабарлау керек.

"Егер тұрғындар үй қабырғаларын стрит-арт объектілеріне айналдырғысы келсе, жазбаларды жойып, суретшілермен байланысуға көмектесеміз",-деп хабарлады полицейлер.