​Алматы облысының полицейлері өрттен тұрғындарды құтқарды

05 наурыз, 16:45

Тәртіп сақшылары Алматы облысында адамдарға көмекке келді. Жол-патрульді полицияның инспекторлары өртті байқаған соң құтқарушыларды күтпей-ақ үй иелеріне көмекке келген.

Алдымен қызметтік машиналарының дабыл белгісін қосқан полицейлер көршілерді оятып алған. Себебі өрттің қайда шарпитыны белгісіз еді. Тәртіп сақшылары өртеніп жатқан үйден егде жастағы әйелді, құжаттар мен бағалы дүниелерді алып шығады. Содан кейін өртті өз күштерімен сөндіре бастайды. Осы уақытта оларға көршілер де көмекке келді.
Оқиға орнына келген құтқарушылар өртті толық сөндірді. Құрбандар мен жарақат алғандар жоқ.