Полицейлер түнгі уақытта жалғыз жүрмеуге кеңес береді

10 маусым, 19:00

Түркістан облысының полицейлері алматылық азаматты тонаған жергілікті баукеспелерді құрықтады, деп хабарлайды ТО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Сарыағаш АПБ-не Алматы қаласының тұрғыны хабарласып арызданды. Ол өз арызында Сарыағаш қаласы Шымкент-Жетісай тас жолының бойында түнгі сағат 3:00 шамасында екі белгісіз азамат 500 000 теңгеден астам ақшасы бар сөмкесін ұрып-соғып, тартып алғанын айтқан.

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Жәбірленушінің күдіктілер жайлы айтқан белгілеріне, ерекшеліктеріне байланысты аудандық полицейлер шұғыл-іздестіру шараларын жүргізеді. Нәтижесінде жергілікті екі тұрғын күдікті ретінде ұсталып, кінәларын толық мойындаған.

"Айғақты заттар тәркіленіп алынды. Бүгінгі таңда күдікті азаматтардың біреуіне қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы арқылы қамалып, сыбайласына міндеттеме қолданылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде" делінген ведомство хабарламасында.

Түркістан облысы полицейлері түнгі мезгілде жалғыз жүрмеуді, көлікте болсаңыз да, қасыңызда серік болуғаны жөн деп ескертеді.