Сарыағашта әкесімен бірге дүкенге шыққан 4 жасар қыз жоғалып кетті

23 шілде, 12:30

Бұл туралы Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

Шамамен түнгі сағат 00:00-лерде Сарыағаш ауданындағы дүкендердің біріне әкесімен ере шыққан 4 жасар қыз жоғалып кетеді. Өз беттерімен қыздарын 2 сағаттай іздеп, таба алмаған ата-ана полицейлерге хабарласқан. Учаскелік полиция инспекторы өз көлігімен қала көшелерін аралап, камераларды тексереді. Санаулы уақыттың ішінде сақшылар көше бойында жылап жүрген бүлдіршінді тауып, ата-анасына табыстаған.

«Әкесінен қалмай дүкенге барамын деп жылады. Қызымның көңілін қалдырмай түнгі уақытта жіберіп едім. Нәтижесі осы болып отыр ғой. Жеті түнде қызымды жіберген өзім де мүлде дұрыс істемедім. Алайда әкесіне сеніп едім. Полицейлердің тез арада бағыт алып, тауып бергеніне ризамын. Бұзақыларға жолықпай, дін аман болғанына Аллаға шүкір» - дейді анасы.