Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.
Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, үйіне қыдырып келген інісінің 5 жасар қызы мен 2 жасар ұлы аулада ойнап жүріп, үйге қайта оралмағанын көрсеткен.
Тәртіп сақшылары қажетті деген шараларды іске асырып, куәгерлерден сұрастырып, көшелерді қарап, көрші аулаларды аралап көріп шықты. Нәтижесінде шамамен 2 сағаттай уақыт өткен соң учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асқар Қаратаев пен полиция сержанты Асхат Бакиров көшелердің бірінде адасып, жылап жүрген балаларды тауып, жақындарына табыстады.
Өз кезегінде, балалардың туысы «Әр күн сайын түрлі оқиғаларды естимін, бірақ өзімнің басыма осындай іс түседі деп ойлаған жоқпын. Ең бастысы – балалар дін-аман. Тіпті елестете алмаймын, егер балаларға бірдеңе болғанда, маған сеніп, кішкентайларын тастап кеткен інімнің көзіне қалай қарар едім. Полицейлерге өте ризамын. Әсіресе, балаларды тауып, қайтарған Асқар пен Асхатқа»,- деп қызметіне адал тәртіп сақшыларына өзінің алғысын жаудырды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмаңыздар деп кеңес береді.