Түркістан облысында кафелердің бірінен Қызыл кітапқа енген құс табылды

16 сәуір, 12:25

Түркістан облысында кафелердің бірінен Қызыл кітапқа енген үкі құсы табылды.

Сайрам аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізуі барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған үлкен үкі құсы анықталды. Айғақты зат ретінде алынған құс “Филин–Үкісі” болып шықты. Ол Шымкент қаласының хайуанаттар бағына орналастырылды. Тергеу барысында тұрғын бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқаны анықталды.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.