Заңсыз балық аулау деректерінің жолын кесу үшін ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Созақ АПБ ЖПҚ табиғатты қорғау учаскелік инспекторлары Ақжайқын көлінде браконьерлерді ұстады. Олар заңсыз балық аулап, тасымалдаумен айналысатын Шардара ауданының екі тұрғыны болып шықты. Күдіктілердің "Мерседес-бенц" автокөлігінен полиция қызметкерлері заңсыз ауланған 6 центнерге жуық балық тәркіледі.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған жайт бойынша "Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бабы бойынша іс қозғалды. Айғақты заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Одан бөлек, Ордабасы ауданының полицейлері браконьерлік пен заңсыз балық аулаудың тағы бір дерегін анықтады. Кешкілік рейдтік іс-шара барысында Ордабасы ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бөген көлінде балық аулаумен айналысқан браконьерді ұстады. Ол қайық пен электрлі құрал-жабдықтармен заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден айғақ зат ретінде балық аулайтын керек-жарақтар мен балығы бар қап тәркіленді. Бөген көлінің жағасында заңсыз балық аулау жайты бойынша тәртіп бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.