​Ақылы жолдар тізімі толығады

21 ақпан, 12:49

2020 жылдың басында тағы 13 жолдың бөлігінде жолда жүру ақысын төлеу пункттері орнатылады, инвестиция және даму министрлігі осылайша мемлекеттік бюджетті тағы 30 млрд теңгеге толықтырмақ.

Қазіргі таңда Қазақстанда үш ақылы жолдың учаскесі бар: Астана – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай. Жыл сайын осы жолдардан мемлекет қоржынына 4 млрд теңгеге жуық кіріс кіруде.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің бағалауынша, осындай 16 учаскеден жиналған қаржы жыл сайын 30 млрд теңгені құрайды.
Жеңіс Қасымбек енді автоматтандырылған өлшеу құрылғыларының санын 2021 жылға қарай 46-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Ақылы жолдар тізіміне мына тасжолдар енеді: Астана – Павлодар, Ақтау – Бейнеу, Қызылорда – Шымкент, Шымкент – Тараз – Қайнар, Астана – Қостанай – Ресей шекарасы (Троиск бағыты), Қапшағай – Талдықорган, Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты), Щучинск – Петропавлов – Ресей шекарасы (Қорған бағыты), Павлодар – Ресей шекарасы (Омск бағыты), Шымкент – Ташкент, Атырау – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы, Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы (Самара бағыты), Ресей шекарасы (Орынбор бағыты) – Ақтөбе – Қызылорда.
Астана – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай бағыттарындағы жолдарда жүру ақысы өзгермейді, ол сома 1 шақырымға 1 теңге болып қала береді.