Президент Арыс қаласындағы ТЖ-ға кінәлілердің барлығын жазалауды тапсырды

15 шілде, 12:02

​ Мемлекет басшысы Арыс қаласында болған жарылысқа кінәлі адамдарды жазалауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір барлық күш-жігер салдарды жоюға бағытталғанын атап өтті.

"Былайша айтқанда, үлкен қаланың бір бөлігі бомбаланған. Қазір тергеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша, Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі барлық кінәлілерді қатаң жазалау жөнінде ұсыныстар енгізгені жөн. Оның ішінде аса қауіпті объектілерге жақын жерде құрылыс салуға рұқсат берген жауапсыз мемлекеттік қызметшілер де бар. Бұл жұмысты шұғыл жүргізу керек, 10 тамызға дейін тиісті ұсыныстар беріңіз. Барлық кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс және жазалануы тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне басқа да ұқсас объектілер бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, 20 тамызда атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беру керектігін айтты.

"Бұл оқиға ұйымдастырудағы кемшіліктерді, төтенше жағдайларды жою шараларын жоспарлау мен ұйымдастырудағы кемшіліктерді көрсетті. Орын алған жағдайдан қорытынды жасау маңызды. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс. Үкіметке төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға жауапты қызметтердің функционалдық дайындығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі мәселені қарау қажет. Тиісті ұсыныстар бір ай мерзімде енгізілуі тиіс", - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмалардың орындалуын жеке қадағалайтынын айтты.