Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында орын алған қақтығысқа жол берген мемлекеттік орган қызметкерлері жазасыз қалмайтынын айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында жазды.
"Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!" делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қордай ауданындағы жағдайдың тұрақты екенін, Бердібек Сапарбаев басқарған комиссия жұмысын жалғастырып жатқанын, сонымен зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтқан болатын.
Естеріңізге салсақ, өткен жұма, яғни, 7 ақпанда Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жаппай төбелес болған. ІІМ ресми дерегіне сенсек, салдарынан 8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды. Осы жағдайдан соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.