Путин, Лукашенко, Пашинян және Жээнбеков 29 мамырда Нұр-Сұлтанға келеді деп күтілуде

27 мамыр, 15:00

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті И.Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон қатысады деп күтілуде.

Елордада Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Жиында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының өзекті мәселелерін және одан әрі дамудың перспективаларын, соның ішінде цифрлық күн тәртібі мен Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының жүзеге асырылуын қарастырады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын талқылайды.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының – Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі қабылданады, сондай-ақ, бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда.