Шымкенттегі ашық трансформаторлық будка баланың қолын жұлып ала жаздады (ВИДЕО)

03 мамыр, 21:08

1 мамыр мерекесі Қабанбай батыр көшесіндегі 12-қабатты үйдің тұрғындары үшін қайғылы күн болды. Трансформаторлық будкалардың бірінің есігі ашық қалып, баланы электр тогы соқты. Алиса Бойко зардап шеккен баланың ата-анасымен кездесіп қайтты.

Он екі жастағы Кирилл Прудниковтың анасы әлі де өз-өзіне келе алмай отыр. Елена ұлын қауіпті объектіге жақын орналасқан спорт алаңына шығарғанын айтты, бірақ балалар ашық тұрған трансформаторлық будкаға қызығушылық танытып, жанына барған.

"Есігі ашық болған, балалар жүгіріп келгенде Кириллды ток соққан. Ұлым кеше есін жинап, оны темір есік өзіне қарай қатты күшпен тартқанын айтты", - деп есіне алады баланың анасы.

Көпқабатты тұрғын үйде тұратын балалар күн сайын қауып-қатерге бас тігіп, ойын алаңына шығады. Тұрғындар дәйім балалардың қауіпті нысанға жақындамауын қадағалағандарын айтады. Жантүршігерлік жағдайдың куәгерлері бала жоғары-төмен соғылып, соңында будкадан қолдары күйіп шыққанын еске алды.

Қазір Кирилл ауруханада жатыр. Үш баланың анасы Юнна Керемчук бұл қауіпті нысандардағы құлыптар тек алтыншы сынып оқушысымен болған қайғылы оқиғадан кейін, келесі күні пайда болғанын айтты.

"Бұл будкалар үнемі ашық жататын. Құлыпты қаңғыбастар бұзған деп сендірмек болды. Бірақ бұл жалған. Мен мұнда 13 жылдан бері тұрамын, ешқашан будкалардың құлыптаулы тұрғанын көрмеппін", - дейді көршісі Яна Керемчук.

Трансформаторлық будкаға жауапты адамдар кешірім сұрап, жанашырлық танытудың орнына, Прудниковтар отбасын балаға қарамаған деп айыптаған.

"Бүгінгі күнге дейін ешкім үйге келген жоқ, тіпті баланың жағдайын да сұрамады", - дейді көршісі.

Бұл нысандар көп жылдардан бері ашық тұрды – трансформаторлық будкаға кез келген адам кіре алатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова дәрігерлер баланың өмірі үшін күресіп жатқанын, баланың қолын аман алып қалу үшін дәрігерлер жанталасып жатқандығын айтты.

"Бала жан сақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Дәрігерлер барлығын жасауда", - деді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова.

Бұл жатын ауданда бірнеше трансформаторлық будкалар бар. Куәгерлердің айтуынша, олардың құлыптары оқиғадан соң бір сағатта-ақ пайда болды. Бірақ қазір ауруханада жатқан және болған оқиғадан қатты зардап шеккен 12 жастағы Кириллге бұл енді маңызды емес. Ең өкініштісі, трансформаторлық күрке ашық тұрған уақыттан бері тұрғындар не әкімдікке, не тиісті мекемеге оларды жабу туралы өтініш түсірмеген. Мұндай қауіпті нысанның жабық тұруы керек екенін үлкендер қайғылы жағдай орын алғаннан кейін барып қана естеріне түсірген.