"Киа" маркалы көлікте түрлі түсті строп шамдарының аппараты орнатылған, сонымен қатар терезелері күңгірттеліп, жалған нөмір тағылғаны анықталды, деп хабарлайды Шымкент қалалық полиция департаментіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
Ағымдағы жылдың 25 мамыр күні шымкенттік полицейлерге Тәуелсіздік саябағында жол жүру ережелерін бұзған автокөлік тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары «Киа» маркалы автокөлікке қызыл түсті көк түспен жанатын строп шамдары аппаратын іліп қойғанын анықтады. Сондай-ақ, есептен шығып кеткен мемлекеттік белгіні автокөлікке таққаны үшін көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3 бөлігінде көрсетілгендей, «Көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі, белгілерін орнату», оған қоса автокөлік терезелері қара түсті күңгірттелгені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, жоғарыда аталған автокөлік ақылы айыппұл автотұрағына қойылды" делінген департамент хабарламасында.
Автокөлікті тәркілеп алмақшы болған кезде автокөлік иесі мен қасындағы жолдастары полицейлердің заңды талаптарына бағынбаушылық танытқан. Олар Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ-на жеткізілді. Аталған жайт негізінде ҚР ҚК-нің 378-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінге тергеу амалдары жүргізілуде.