​«Құрт, ірімшік, бауырсақ»: Шымкентте сарбаздарға сарқыт таратылды

09 қаңтар, 16:28

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері 6506 әскери бөлімінің сарбаздарымен кездесті. Іс-шара аясында әскерге жаңа қабылданған сарбаздарға ақ жаулықты аналар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері мерекелік сарқыт таратты. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиалындағылар мәлімдеді.

- Сарқытты қазақ халқы үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деген ырыммен жастарға жегізген. Осыны ескерген Ассамблея мүшелері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға елден сәлемде ретінде бауырсақ, құрт, ірімшік, жент-талқан сынды ұлттық тағамдарымызды үлестірдік. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тіледік, - дейді қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова.

Игі шарада қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов және бірқатар этномәдени бірлестік төрағалары сөз сөйлеп, қайырымдылық жасаудың маңызына тоқталды.
Тосыннан келген сарқытқа риза болған сарбаздар одан әрі «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі жанындағы «Көркем» әжелер тобы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Ақпарат ретінде айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі «Қайырымдылық керуені» акциясы биыл қазақ халқының мейірімділікке, бауырмалдылыққа шақыратын ізгі дәстүрлері негізінде бастау алды.
«Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен жыл аяғына дейін жалғасатын қайырымдылық іс-шаралар ай сайын арнайы атаумен өтеді. Мәселен, қаңтар айында «Сарқыт» атауымен өтсе, әрі қарай «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», – «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» айларымен ұласады.
Игі бастама аясында қарттарға, жетімдерге, науқас азаматтарға, жалпы көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөлініп, материалдық көмек көрсетілетін болады. Оған Ассамблея жанындағы құрылымдар, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, этномәдени бірлестіктер және өңірдегі меценаттар атсалыспақ.