​1 маусымнан бастап сұранысқа ие мамандардың жалақысы артады

11 сәуір, 16:30

Сұранысқа ие мамандардың 1 маусымнан бастап жалақысы артады. Бұл туралы Шымкент қаласының дәрігерлерімен кездесуде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді. 29 мыңнан астам дәрігер, 90 мың орта қызметкердің жалақысы көбейеді, бұл қатарда 60 мыңға жуық кіші қызметкер де бар.

"Шымкентте 10 мыңға жуық медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Дәрігерлердің орташа жалақысы 146 мың теңгеге дейін, орта персоналға-99 мың теңгеге дейін, кіші персоналға-63 мың теңгеге дейін артады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 800 млн теңге бөлінді", - деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі.

Қалада және ауылда инфрақұрылымды дамыту, амбулаториялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейін 595 бастапқы медициналық-санитарлық қызмет нысанының құрылысы жоспарлануда.

"2021 жылға қарай ауыл алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен 100% қамтамасыз етіледі. Шымкент қаласында 15 нысан салынады. Олар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, өңірде 10 аурухана салынады. Ол үшін республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінеді", - деді Ләззат Ақтаева.

Қоғамдық денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемі 20% - ға артады. Олардың ішінде вакциналарды сатып алу, скрининг түрлерін арттыру да бар.