Жәбірленушілердің қатарында Шымкент тұрғыны да бар.
Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны мен Өзбекстанның азаматы болып табылатын екі жас жігіттері арызданған. Айтуларынша, "Қазығұрт" кеден бекетінің жанында олар Шымкент қаласына дейін баратын таксиге отырады. Сарыағаш ауданының Атамекен кентіне жеткенде, жас жігіттердің зат салынған сөмкесі, ұялы телефоны мен ақшаларын белгісіз азаматтар шабуыл жасап, күшпен тартып алады. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мың теңгеден асады."Аталған жайт Сарыағаш АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары тонаушылардың қылмыстық тобын құрықтады. Олар бұрын-соңды сотталмаған Сарыағаш ауданының төрт тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері ұсталған азаматтардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде" делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.