"Көз тиюден қорғаймын, жолды ашамын" деп ел сеніміне кіріп алған әйел азаматы істі болды, деп хабарлайды Elitar.kz.
Полицейлерге 29 жастағы тұрғын шағым түсірген. Ол арызында өзінің "емшімін" деп таныстырған бейтаныс әйел азаматының арбауына түсіп қалғанын көрсеткен. Алдымен әңгімеге тартып, кейін көз тигенін, оны тез арада емдеу керектігін, алайда оны емдеу үшін өзі тағатын алтын бұйымдарды тазалау қажеттігін айтады. Бұл сәтте 29 жастағы семейлік еш ойланбастан бар алтынын емшінің қолына ұстата салыпты. Осылайша ол әп-сәтте құны 1 млн теңге тұратын бұйымдарынан көз жазып қалады. Айтуынша, гипноз арқылы алданып қалуы мүмкін.
Семейлік полицейлер күдікті ретінде 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындады. Алайда жәбірленушіде алып қойған бұйымдарын қайтара алмады, Өйткені ол алтын бұйымдарды сатып, ақшасын өз қажетіне жаратып үлгеріпті.
Қалалық Полиция департаментінің берген мәліметінше, күдікті келіншектің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.