Ұшақ апаты: Екінші ұшқыш пен бортсеріктердің жағдайы белгілі болды

30 желтоқсан, 12:25

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметіше, "Бек Эйр" ұшағын тізгіндеген екінші ұшқыштың жағдайы өте ауыр болғанымен тұрақты. Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінде жатыр. Осы ретте айта кетейік, екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов 1965 жылы мамырда дүниеге келген. Ол әуеде 11 544 сағат ұшқан. Оның 4144 сағаты Fokker 100 ұшағында өтіпті. Ал ұшақ командирі Марат Мұратбаев апат орнында қаза тапты.

Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген ІІМ Ерлан Тұрғымбаев болса, қазіргі таңда апатқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тұрғымбаевтың айтуынша, ұшақ экипажының бір бортсерігі де жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалған екі бортсеріктің жағдайы жақсы. Себебі олар ұшақтың артқы бөлігінде отырған.