Ұшақ бортында қазақстандықтың қомақты қаржысын ұрлаған Қытай азаматшасына сот үкімі шықты

18 желтоқсан, 16:00

​«Эйр Астана» ұшағында қазақстандықтың қомақты қаражатын ұрлаған адам ұсталды. Ол Қытай азаматшасы болып шықты.

Көліктегі полиция департаментіненің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының желілік полиция бөліміне 40 жастағы Қазақстан азаматшасы шағымданған. Қазақстандық тұрғын «Эйр Астана» әуе компаниясының «Бейжің-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесімен ұшып келе жатқанда қол сөмкесіндегі 4 500 АҚШ долларының (1 744 290 теңге) жоғалғанын айтқан. Көлік полициейлерінің жедел іздеу шаралары барысында осы рейспен ұшып келген 1993 жылы туған ҚХР азаматшасы ұсталды. Қытай азаматшасының сөмкесін тексеру кезінде 1 744 290 теңге табылған.

«Қытай азаматшасы кінәсін толықтай мойындады. Ұрланған ақша тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен ҚХР азаматшасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-тармағы 1-тармақшасында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру, мәжбүрлі түрде Қазақстан Республикасынан тысқары шығару, 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салу жазасы тағайындалды» делінген ведомство мәліметінде.