Шамалғандағы апаттан зардап шеккен балалардың жағдайы әлі де ауыр

20 қыркүйек, 17:00

Шамалған стансасында пойыз бен автобустың соқтығысуынан зардап шеккен балалардың жағдайы әлі де ауыр.

«3 және 5 жастағы қыздардың жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емдеу шаралары толық жүзеге асырылып жатыр», - деді дәрігерлер. Ал олардың анасының жағдайы орташа. Жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылған. Жуық арада оған ота жасалады.

Еске салсақ, осыдан бес күн бұрын Алматы облысындағы Шамалған стансасында кешкі уақытта жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі көз жұмды. Үш адам (әйел азаматы мен оның екі қызы) Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Ал пойыз жолаушылары бұл апат туралы тіпті сезбегендерін айтты.

Апатқа қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл жағдайды Бас көлік прокуратура өз бақылауына алды.