​Шардараны қоқыс басып қалуы мүмкін (ВИДЕО)

16 қаңтар, 11:27

Шардараға келуші туристердің саны еселей кемуі мүмкін. Себебі шағалалы өлкенің іргесіндегі қоқыс алаңы күн санап артып, қалаға еншілеп енуге шақ тұр, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Жергілікті жұрттың сөзіне сенсек, қауіпті мәселені әкімдікке талай рет айтып, табанынан тозған. Тіпті тұрмыстық қалдықтар, пластикалық ыдыстар мен полиэтилен қалташаларының үйілуіне тұрғындар емес, тиісті мердігер компаниялардың үлесі үлкен екенін де жасырған жоқ.

"Жерге шашылған күл-қоқыстарды қоспағанның өзінде, арғы жағы тауша үйіліп жатыр. Ең сорақысы, қоқыс таситын тиісті көліктер жиналған қоқысты тонналай алаңның өзіне емес, жол бойына тастап кетеді. Ал сосын экология бұзылмағанда не болады? Жылы күндері жағымсыз иістен көшіп кеткің келеді. Безіп кетеміз ғой. Бізді ойлайтын әкімдік бар ма өзі, жоқ па? Неге халықты ешкім ойлаймайды? Кімге айтамыз, біз кімге керекпіз?» деп ашынды тұрғындар.
Еске салайық, өткен жылы дәл осындай үйінді қоқыстардан Мақтарал ауданы, Асықата ауылына да қауіп-қатер төнген еді. Тиісті мәселені шешуге ондағы әкімдер құлықсыздық танытқаны да есімізде. Соңынан Мақтарал ауданына іс-сапармен бұрылған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті атқамінерлерге тапсырма берген еді. Нәтижесінде, 1 айдың ішінде қоқыс алаңы өзге аумаққа көшіріліп, түйінді проблема тарқатылған. Ал қазір Шардараның тұрғындары жылдар бойғы қордаланған, мезі еткен мәселеге облыс әкімінің шарасыздық танытпай, құлақ түргенін қалайды. Себебі сол аумақтағы ағайынның қолқаны қабатын жағымсыз иіске тұншығып, саулығы сыр беріп, экологиясынан зардап шеккенін қоспағанда, бұл өзекті проблема төрткүл дүние мен талай туристерге Шардараның суы мен ондағы тыныс-тіршілікті айтуда аузы бармай жүрген жергілікті гид-мамандар, тарихшылардың таным-қызметіне кедергісін келтіріп жатқаны айдан анық.