Шардардағы лас "үйінді" турасында Elitar-ға жарияланғаны сол, жылдар бойғы қордаланған қоқысты жергілікті билік бір тәуліктің ішінде тазалауға көшті. Қоғамдық жұмысқа «Шардара сервис» МКК жұмылдырылған.
Себебі полигонның меншік иесі - «Шардара сервис» МКК екен. Сондай-ақ, қала билігі орын алған олқылықты соңғы жылдары Шардара қаласы аумағының бекітілген бас жоспарымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, бұл құжатқа сәйкес қаланың аумағы ұлғайып, бұрынғы полигон (2006 жылдан бергі пайдаланымдағы) қала шекарасына жақын орналасқан. Ал аталған полигонды көшіру жөнінде 2018 жылы шешім қабылданған екен. Сондай-ақ, бүгінде Шардара қаласының солтүстік-шығыс бөлігінен қала шекарасынан 2 шақырым қашықтықта жаңа жер телімі бөлініп, аудандық бюджет қаржысы есебінен 2018 жылдың желтоқсан айында полигон аумағы қоршалып, полигонға баратын кіреберіс жолға тас төселген-ді. Десе де, әкімдік өкілдері бұл күл-қоқыстар түнгі мезгілде ескі полигонның сыртына және кіреберіс жол бойына тұрғындар тарапынан тасталғандығын тілге тиек етіп, 2019 жылдың 1 тоқсанында бұрынғы полигонды жабу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Ондағы тұрмыстық қалдықтар жаңа полигонға шығарылатындығын ресми жариялады.