"Шекесіне тимейді екен": Алматыда 7 рет сотталған азамат тағы да ұсталды

28 қаңтар, 12:30

Ұсталғандардың бірі кісі өлімі мен екі ұрлық бойынша сотты болып, жазасын өтеген. Ал екіншісі 20 жылын темір тордың абақтысында өткізіп келген.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылар Еңбекшіқазақ ауданы аумағында жедер іс-шара өткізілген. Оған жергілікті полицейлерден бөлек, облыстық департаменттің және ҚР Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы бөлімшесі жасағы жұмылдырылды. Шара барысында арнайы топ Қайназар ауылындағы кезекті ұрлықтарынан кейін бойтасалауға тырысқан қылмыстық топты ұстады. Бұл топ құрамында 4 ер адам болған.

«Күдіктілерді ұстау кезінде олардың автокөлігінен Қайназар ауылындағы үйден қолды болған заттар тәркіленді. Оның ішінде аңшы мылтығы, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшалар, зергерлік бұйымдар, қылмыс жасауға пайдаланған бетперделер, қолғаптар мен құралдар бар. Ұсталған азаматтар өткен жылдың күзінен бері облыс аумағында орын алған өзгенің мүлкін ұрлаудың көптеген деректеріне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес «Ірi мөлшерде жасалған ұрлық» деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екі күдіктіге қатысты мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттеме толтырылса, бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екі күдікті Еңбекшіқазақ ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды", делінген баспасөз қызметі хабарламасында.

Айта кетерлігі, ұсталғандардың екеуі бұрын сотты болғаны анықталды. Оның бірі әртүрлі қылмыстар үшін жеті рет сотты болып, 20 жылға жуық абақтыда отырған. Ал екіншісі кісі өлімі мен екі рет ұрлық үшін істі болған.