Мемлекеттік қызметкерлерге 2 жылға дейін шетелдік көліктерді сатып алуға тыйым салынды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасай отырып elitar.kz хабарлайды.
2 жылға салынған тыйым мемлекеттік қызметкерлерді елімізде құрастырылатын автоларды алуға міндеттеп отыр. Аманияз Ержанов бұл бастаманың берер пайдасы мол екеніне сенімді.
"Екі жыл деген жақсы уақыт қой. Былай айтса қараңыз, автокөліктер, трасформаторлар және кабельдік продукция бізге кіргізілмейтін болады. мемлекеттік сатып алу жұмыстарында тек қана отандық өнімді сатып алу керек болады. Бізде дейтін енді өзіміздің қазақстандық автокөлік жоқ. Расымен айтқанда біз оны тек жинаймыз. Өзімізде өндіріс жоқ. Сол өзімізде жиналған киясы бар, сан йонгы бар, равоны бар. Соларды сатып алады", - деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержанов.
Бұл автолар бізде тек құрастырылады. Сондықтан 100 пайыз Қазақстандық тауар емес. Десе де бастама теңгенің тұрақтауына септігін тигізеді дейді мамандар.
"Бұл ең біріншіден ұлттық теңгеміздің өтімділігін арттырады. Қазір жүргізілетін операциялардың барлығы біздің ұлттық теңгеде болғандықтан, осы уақытқа дейін теңгені басқа елдің валютасына айналдырып оны Германия басқа да елдерге шығарып отырмыз. Ол біздің ұлттық теңгеміздің құлдырауына әкеліп жатқан жағдай. Сондықтан бірінші кезекте бұл Ұлттық қордан берілетін және мемлекеттің отандық кәсіпорындарды дамытуға беріліп жатқан бағдарламалардың тиімді жұмыс жасауына алып келеді", - деді экономист Бауыржан Искаков.