Шөкеев халықтың мұң-мұқтажын жедел шешуді тапсырды

01 шілде, 15:30

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісті Арыс қаласында өткізді. Өңір басшысы қысқа мерзімде Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындарға жағдай жасау бағытындағы барлық мәселені талқылап, жұмысты жанашырлықпен атқару керектігін айтты.

«Мен осында 1 ай болып құрылысты күнде басында тұрып қадағалаймын. Егер қай аудан ұйымдастыра алмаса, жауаптысын жұмыстан босатамын. Ал жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықтың мұқтажын жедел шешуіміз керек», – деген әкім 17 сектордың жұмысын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Бүгінде Арыс қаласындағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір үйлердің терезелері ауыстырыла бастаған. Барлық сектор бойынша үйлерді тексеру, акт толтыру жұмыстары аяқталуға жақын.