"Галстуксіз кездесу": Шөкеев кәсіпкерлерге не айтты?

24 сәуір, 14:06

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті кәсіпкерлермен өткізген "галстуксіз" кездесуде тек игерілмей жатқан жер емес, тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді де реттеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Облыс әкімі кәсіпкерлермен алғашқы бейресми кездесу кезінде олардың экономиканың дамуына, аймақтың және тұтастай еліміздің әл-ауқатын арттыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Отырыс барысында бизнес жүргізуде кездесетін негізгі мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды.


Өңірлік Кеңес төрағасы, «Хлопкопром целлюлоза» ЖШС директоры Қайнар Абасов арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтарда өндіріс қызметін кеңейту мәселелерін көтерді.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінгі күні Түркістанның арнайы экономикалық аймағының аумағында тек ғимараттар құрылысы және оларды пайдалану ғана қамтамасыз етілген. Алайда, қаулыдағы шектеулер индустриалды аймақта жобаларды жүзеге асыруға және дамытуға мүмкіндік бермейді.

Өңірлік кеңестің мүшесі, «Қайнар Май» ЖШС директоры Хали Сарманов болса, агроөнеркәсіптік кешен мен суару жүйесін дамытудағы мәселелерді, сондай-ақ суаруды тиімді пайдалануды көтерді.

"Түркістан ауыз судан қысылып отырған жоқ. Бірақ, егістік су жетіспейді. Ол үшін аудандарда егістік суын тиімді пайдалану бойынша анализ жасалу керек. Сондай-ақ, тек игерілмей жатқан жер емес, тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді де реттеу керек. Бұл бойынша облысқа қарасты аудандарда рейтинг түзілу қажет",-деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

"Әкімдер екі типті болады. Бірі мәселені шешуді қиындатып жібереді, кедергілер туындатады. Біз ондай емеспіз, барынша көмектесіп, сол кедергілерді болдырмаймыз. Біз өңірде кәсіпкерліктің дамуын қолдаймыз, мүмкіндік береміз. Облыста жағдай жама емес. Аудандарды аралағанымда кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылып, дамып жатқанын байқадым. Бұрын ондай жоқ болатын. Бұл жақсы көрсеткіш. Біз бизнесті әрдайым қолдаймыз" деп облыс әкімі кәсіпкерлердің мәселелерінің оң шешілетініне сендірді.

Облыс туризмін дамытуға қатысты әкім:

"Мен Өзбекстанда болдым. Ондағы тарихи ғимараттар көне болғанымен реставрация жұмыстары жасалынған. Бүгінде нағыз туристерді көптеп тартатын туризм орталығына айналған.. Түркістанды да шетелдік туристердің сүйікті ордасына айналдыру керек"-деді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров өз сөзінде, облыс басшысына кәсіпкерлермен ашық әңгіме жүргізгеніне алғыс білдірді

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық айтылған мәселелер егжей-тегжейлі зерделеніп, оларды шешу үшін лайықты шешім шығарылатынына сендірді. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлермен айына бір рет бейресми кездесіп, мәселелерді талқылап отыратынын айтты. Тек келесі кездесуде кәсіпкерлермен нақты жобалар талқыланатын болды.