ШҚО-да 114 келі есірткімен ұсталғандар 11 жылға сотталды

12 қыркүйек, 09:30

Шығыс Қазақстан облысында 114 кг 571 г марихуана, 855 гр гашишпен ұсталған екі адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

"Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.Бейсембаев пен Д.Ережепов ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды" делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, ҚР ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті каннабистік топтағы есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар ҚР азаматтары М.Бейсембаев пен Д.Ережеповтің заңсыз әрекеттерін анықтап жолын кесті. Атап айтқанда, 2019 жылғы 27 наурызда ҰҚКД көрсетілген адамдарды салмағы 82 кг 343 г есірткі құралдарын өткізбекші болған кезде ұстады. Одан басқа, Д.Ережеповтің гаражында және автомашинасында тергеу іс-қимылдары кешенін жүргізу барысында қосымша 32 кг 228 гр марихуана мен 855 гр гашиш алынды. ҰҚК Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлерімен тәркіленген есірткі көлемі 114 кг 571 г марихуана мен 855 гр гашишті құрады.