Шұғыл ақпарат: БҚО-да балықтар жаппай қырылып жатыр

17 қараша, 21:07

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына Шолақанқаты өзенінің Сырым ауданы Тоғанас ауылы тұсында балықтың жаппай қырылғаны жайлы ақпарат түстi.

Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жария етті.

"Мәліметтің анық-қанығын тексеру үшін сол жерге орманшылар, жергілікті атқарушы билік өкілдері және табиғатты қорғау полицейлері аттанды. Оқиға орнына жеткенде Шолақанқаты өзеніндегі бөгет жөнделіп жатқаны анықталды.

Жөндеу жұмыстары үшін өзен суы жіберіліп, тереңдігі 15-20 см шағын көлшік қана қалған екен.
Шолақанқаты ауыл округі әкімінің айтуынша, бөгетті жөндеп жатқан жұмысшылар суды босатып жіберген соң күні бойы шабақ балықты құтқарумен болған. Келесі түні күн күрт суып, су қатқандықтан, қалған балықтар өліп қалыпты.
Шалшықтың мұз қатқан аумағы 1800 ш.м. шамасында. Судың әр шаршы метрінде шамамен 500 дана балық болған. Сонымен, өлген шабақтың жалпы саны шамамен 900 мың балыққа жуық" деп жазды баспасөз хатшы.
Қазіргі таңда осы факті бойынша Сырым АІІБ қылмыстық істі қозғау мақсатында құжаттар жиналып жатыр екен.

"Жануарлар әлеміне келген шығын көлемі кейін саналып, балықтың қырылуына кінәлі тұлғалар анықталған соң беріледі.
Қосымша ақпарат кейінірек беріледі" делінген Комитет өкілінің жария еткен мәліметте.