08 ақпан, 12:14
Демек енді бұл мемлекеттік мекемеден анықтама алу жеңілдей түсті.
Нысанның мекенжай анықтамасын алу, жылжымайтын мүлік нысанына мекенжай беру немесе коммуналды қызметтің техникалық шарттарын анықтауды бір батырма арқылы жүзеге асыруға болады. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орталығына да келудің қажеті жоқ, өтінімді үйден беруге болады. Ол үшін электронды-санды қолтаңбаңыз болса, жеткілікті. Мамандар әзірге бағдарламаны тесттен өткізуде, дегенмен, бас маман Қуат Сағадиевтің айтуынша, жуық арада сайт қала тұрғындарына қызмет көрсетеді.
«Тұрғын порталда өтінім жазады, сол порталда отырған маман ол өтінішті қарауға алады. Жүйеде барлық мәлімет бар, мысалы, монополистердің сумен қамтамасыз ету, газбен қамтамасыз ету қызметінің барлық жүйесі көрініп тұрады», - дейді Қуат Сағадиев.
Енді өтінімдер тез арада қаралып, уақыт үнемделетін болады. Мамандардың да жұмысы қысқармақ. Ал өтінімді қарауға бұрынғыдай 99 минут емес, 7 минут кетеді деп күтілуде.
Қазіргі басты тапсырма – қала тұрғындарын сайтты қолдануға үйрету. Цифрландыру бойынша мамандардың айтуынша, тұрғындар әлі де интернетті өздері қолданудың орнына анықтаманы мекемеге барып алып, халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметкердің босағанын күтуге бейім. Smart.saulet.kz және halyk.saulet. kz сайттары уақытты да, ресурсты да үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді, дейді жобаның жетекшісі Ерасыл Төлебаев.
«Цифровизация нәтижесінде адамдардың тікелей қарым-қатынасы азаяды. Тұрғындар кабинет аралап жүрмей, барлық өтінімді үйден-ақ жібере алады. Яғни, кезекке тұрып, мекемедегі кабинеттерді аралаудың қажеті жоқ», - дейді Ерасыл Төлебаев.
Бүгінгі таңда 16 қызмет цифрландырылған. Мамандар мұнымен шектелмейміз деп отыр.
Автор:
Алиса Бойко, Шымкент