Шымкент әкімі қаланың бас шыршасы қайда және қашан құрылатынын айтты

05 желтоқсан, 14:52

​ҚР Тұңғыш Президент күніне шымкенттіктерге ерекше сыйлық жасап, елімізде болмаған «періштелері» бар Арбатты пайдалануға берген қала билігі Тәуелсіздік мерекесінде де тұрғындарға тосынсый жасап отыр. Бұл туралы Elitar.kz тілшісіне қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов айтты.

Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, тұрғындарды ерекше мерекелік концерт күтіп тұр. Ал қаланың бас шыршасы Бейбітшілік көшесі бойында орналасқан су жаңа Арбатқа орнатылмақ.

«Шыршаны Арбатқа орнатамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы кереметтей алаңда менмұңдалап тұратын болады. Шыршаны біз Тәуелсіздік мерекесінен кейін орнатамыз. Яғни, 18 желтоқсан күні»,-деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Еске сала кетсек, жуырда ғана Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг берген Шымкент әкімі қаланы жаңа жылдық безендіруге бюджет есебінен 70 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Еліміздегі үшінші мегаполисі үшін бұл қаржы аса көп емес деген Ғабидолла Әбдірахымов шаһар аумағы бойынша елдегі ең үлкен қала екенін атап өтіп, әлемнің танымал қалалары: Лондон, Париж, Мәскеуді сөз етті.