​Шымкент әкімі: «Қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ»

26 наурыз, 01:20

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі жергілікті телеарналардың бірі арқылы жасаған ресми мәлімдемесі кезінде айтты.

«Өкінішке орай қаламызда коронавирус індетін 2 азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.
Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17.30-да Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен келген.
20 наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласы Бекжан автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал, біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған. Ал, жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған. Нәтижесінде осы азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Бүгін аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері отбасыларымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан-Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда»,-деді қала әкімі Мұрат Әйтенов. Бұдан өзге шаһар басшысы медицина қызметкерлері жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті екенін атап өтті.
Қажеттілік болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
«Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ»,-деді Мұрат Әйтенов.