Шымкент әкімі Қайрат Нұртасқа неліктен Құрметті азамат атағы берілгенін түсіндірді

19 маусым, 16:00

Шымкент қаласының әкімі инстаграм парақшасына келіп түскен пікірлерді жауапсыз қалдырмайды. Хейтерлердің кезекті бір пікіріне лайықты жауап қайтарған Ғабидолла Әбдірахымов оқырмандарының қолдауына ие болды.

Қала күніне орай ұйымдастырылған концертте танымал әнші Қайрат Нұртастың Шымкент қаласының "Құрметті азаматы" атағымен марапатталатыны оқырмандардың бірінің көңілінен шыққан жоқ.

Әншінің Шымкент қаласына сіңірген еңбегіне күмән келтірген ол мұны әкім мырзаның өзінен сұрады:

"Құрметті болып сонша не еңбек сіңіріпті ол Шымкентке?",-деп басы қатқан оқырманға әкім мырза басу айтты.

"Уақытысында Димаш Құдайбергенді, Данелия Тулешеваны, Ержан Максимді тағыда басқа талантты әншілерімізді өзіміз бағаламадық. Олар шетелге барып жұлдыз болды. Сондықтан Қайрат Нұртас секілді жастарымызді құрметтеуміз керек. Қазақ бір бірін мақтамаса сонда кім мақтайды? Осыны ұмытпайық!",-деді шахар басшысы.

Пікір астына қойылған лүпілдердің санынан әкімді қолдаушылардың қатарының көптігін байқауға болады.


Фото: tengrinews.kz