Шымкент тұрғыны аулада тұрған "Мерседес" көлігін ұрлап кетті

30 қазан, 14:27

Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын шағым түсірген. Ол өз арызында түнгі уақытта тұрғын үйінің ауласында тұрған «Мерседес» маркалы автокөлігін белгісіз біреулер заңсыз айдап кеткенін көрсетеді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 800 000 теңгені құрады.

"Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары 3 күн бойына ұрланған көлікті іздестіріп, қылмысқа күдікті Шымкент қаласынан табылды",-деді Түркістан облыстық полиция департаментіндегілер.

Жәбірленуші көшеде кетіп бара жатқан бірнеше көліктер арасынан мемлекеттік нөмірі өзгертілсе де өз көлігін танып қалған.

"Полицейлер аталған көлікті тоқтатып, көлік жүргізушісінен жауап алу барысында оның іздестіріліп жүрген күдікті екенін анықтайды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Полицейлерге берген жауабында күдікті түнгі уақытта көлікті ішінде кілтімен тұрғанын көріп, жымысқы ойын іске асыру мақсатында ауладан итеріп шығарып, айдап кеткенін мойындаған. Жоғалған көлік айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында ұсталған күдіктінің сыбайласымен мал ұрлығын жасағаны анықталды. Олар жәбірленушінің қазыққа байланып тұрған бұзауын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 110 000 теңгені құраған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді",-деді полиция департаментіндегілер.

Күдіктінің айтуымен сыбайласы да ұсталды.