Кеңінен қолданысқа ие INSTAGRAM желісінде парақша ашқан Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов алғашқы жазбасын өз оқырмандарына арнап, әлеуметтік желіге келуіне не түрткі болғанын жария етті, деп хабарлайды ELITAR.KZ.
"Құрметті достар! Менің парақшама қош келдіңіздер! Мен де заман ағымынан қалмай, кері байланыс жасау мақсатында әлеуметтік желіде парақша ашуды жөн көрдім. Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс. Өйткені еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашан да басты назарда болғандықтан, полиция қызметкерлерінің басты міндеті – халық сенімін барынша ақтап, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады" деп жазған Шымкенттің бас полицейі өзі еңбек ететін салаға қатысты тұрғындарды қандай да бір сауалдар мазаласа, әрқашан жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысына өз сұрақтарыңызды @eralyzhumakhanbetov аккаунтына жолдай аласыздар.