​Шымкентте 263 мың тұрғынға мекенжай тіркеу коды берілмеген

16 қаңтар, 17:17

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Халықты құжаттандыру жүйесі» арқылы жеке тұлғалардың мекенжай мәліметтеріне автоматты режимде Мекенжай тіркеу кодын енгізу тетігін іске қосты. Азаматтардың мекенжай мәліметтерін өзектендіру кезінде 263 мың қала тұрғынына мекенжай тіркеу кодтары берілмегені анықталды. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жылжымайтын мүлік иелері мен Шымкент қаласының тұрғындары тіркеу кодтарын иемдену үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінулері қажет. Тіркеу кодтарының бар-жоқтығы туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына жүгіну арқылы алуға болады және өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде «электронды үй кітапшасы» қызметі де қосылған, онда үй иесінің сұранысымен тіркелген азаматтар туралы мәлімет беріледі" делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, егер тұрғындардың тіркеу коды болмаған жағдайда, жылжымайтын мүлік аясында мемлекеттік қызметтер бойынша қажетті мәліметтерді толығымен ала алмайды.