Бұл туралы Үкімет басшыының орынбасары-Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевтің өңірімізге шасаған жұмыс сапары барысында өткізілген мәжілісте белгілі болды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Жиынға қатысқандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап ала алды. Сондай сұрақтардың қатарында мақта өсіруге бөлінетін субсидияның қысқартылуы мен пайызы жоғары несие мәселесі бар. Халықтың жанайқайын көтерген Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің кафедра меңгерушісі Үсен Асқаров несие пайызының тым жоғарылағанын айтты. Алған несиесін төлеу үшін бүйрегін сатып, өз-өзіне қол жұмсап жатқан адамдардың барын ашына жеткізді. Проблемалық жағдайда қалған азаматтардың несие пайызы қысқарса, кешірілсе деген ұсынысын айтып, заңмен реттелуін өтінді. Үсен Асқаровтың төтеннен қойған сұрағына Өмірзақ мырза жалпылама жауап қайырды.
Айта кетерлігі, Елбасы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында өткен жиында Шымкент әкімі қалада агро-индустриалды аймақтың құрылатынын мәлімдеді.
«Жобада ауыл шаруашылығы саласын дамытып, аграрлық секторды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру мақсаты көзделген. Оған 20 млрд теңге инвестиция тартылып, 40 кәсіпорын ашу жоспарланған. Мақсат - Шымкентте өңірімізде өсетін ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кластер жасалынып, 2022 жылы ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 67,5 млрд теңгеге жеткізілмек»,-деді Ғабидолла Әбдірахымов.