Шымкентте балалар үйінің түлектері шаңырақ көтерді

25 желтоқсан, 21:57

Бұл жас жұбайларда қызға сырға салу мен қалыңмал төлеу дәстүрі немесе қос тараптың құдалығы өткен жоқ. Себебі, қол ұстасқан жастар Ерболат Камал мен Анастасия Сопильняк Төлеби ауданындағы №2 балалар үйінің түлектері. Десе де, олардың тойы үшінші мегаполистің төрінде дүркіреп өтті, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Кейіпкерлеріміз қазір Шымкенттегі жасөспірімдер үйінің тұрғындары болғандықтан, олардың үйлену тойын да осы облыстық жасөспірімдер үйі қолға алды. Рухани және қаржылай (демеушілердің көмегімен) қолдау көрсеткен. Яғни, мерекелік шараның дастарханы мен тойдың өзге де шығынын осы мемлекеттік баспананың басшылығы мойнына алып, өздері көтерген. Тек қосымша үстелдер ақысын ғана жас жұбайлар өз мойнына алыпты. Ал қонақтар қатарынан дос-жарандары мен туыстарына тең болған тәрбиешілері табылып, қуанышына ортақтасты.

"Мен бақыттымын! Шүкірлік! Настяммен 2017 жылдың 7 желтоқсанында таныстым. Ол менің қарындасымның құрбысы ретінде жақсы араласты. Студент қой, ал мен болсам, қосымша қаржы табу үшін жұмыс жасадым. Соңғы жылы сабағына көмектесіп, жанынан жиі табылатын болдым. Осылайша бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Сонымен 11 ай кездесіп жүріп, соңында Настя қасымда болса, өзімді сенімді сезініп, бақытым таситынын ұқтым. Араға аз-кем уақыт салып, кешкі асқа шақырдым. Үстел басында отырып, құрметпен шаңырақ көтеруіміз жөнінде ұсыныс жасадым. Қабыл алды. Сол сәттегі екеуіміздің қуанышымыз қойнымызға сыймағаны әлі күнге көз алдымда. Міне, бәрі де осылай басталды", - дейді Ерболат Камал.

"Тойымыз тамаша, арманымдағыдай өтті. Көйлегімді демеушілердің көмегімен тегін алдым. Дәлірегі, 85 мың теңгеге жалға алуым керек болған, бірақ ол теңгені жомарт жандар төлеп берді. Рахметімді айтамын. Күйеуімнің орта білімі бар, колледжде "электромеханик" мамандығын меңгерген. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарын өндіретін компанияда жұмыс жасайды. Ал мен политехникалық колледжде "радиоэлектроника және байланыс" мамандығында білім аламын. Ай сайынғы шәкіртақым бар. Отағасы да тәуір жалақы алады. Сондықтан, ешкімге алақан жаймай, жақсы өмір сүріп кетеміз деген сенімдемін",-деді Анастасия Сопильняк.
Бұл тойға Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы да арнайы бұрылып, жас жанұяға сый-таралғысын тапсырды. Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, "мұндай той" балалар үйі түлектері арасындағы алғашқысы емес.
"Ерболат пен Настяның осылай шаңырақ көтеріп, отбасын құруы - бізді де қуанышқа бөледі. Және жауапкершілікті еселеді. Екеуінің де тәрбиесі өте жақсы. Инабатты. Жанашыр, қамқорлығы өз алдына. Расында, Настяның қазақи болмысына таң қаламын. Салт-дәстүрімізді сақтап, әдептен аумай, үлкенге - құрмет, кішіге - ізет көрсетіп келеді. Бақытты болыңыздар деймін! Ал біздің облыста, 2015 жылдан бері дәл осындай 8 жұп шаңырақ көтерген. Яғни, олар да балалар үйінен түлеген. Қазір барлығы да перзент сүйіп, бақытқа бөленгені қуантады",-деді Балмаржан Нарбекова.

Айта өтейік, Ерболат Камалдың жасы 22-де. Ол осыдан 12 жыл бұрын анасынан айырылып, әкесінің қарауынсыз қалады. Дәл сол жылдан бастап, балалар үйінің тәрбиеленушісіне айналған. Ал Анастасия Сопильняк - тұл жетім. Туылғанынан әкесіз өскен қыздан анасы бас тартқан. 2016 жылы балалар үйін пана еткен Настя биыл 19-ға толып отыр.
Жас жұбайлар бұған дейін де паналап келген жасөспірімдер үйінде бір бөлмеде тұратын болды. Олар қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандықтан, алдағы күндері баспаналы болып, қоныс тойын тойлайтын күн алыс емес деп сенеді. Және 4 перзент сүюді армандайды.