​Шымкентте ЭКО арқылы бала көтерген әйелдерді емдейтін бөлімше ашылды

16 қаңтар, 09:34

Шымкенттегі ЭКО, медицина тілімен айтқанда «экстрокорпаральді ұрықтандыру» арқылы жүкті болған әйелдер енді жүйелі ем-дом алу үшін сан-саққа сабылмайды. Әдеттегідей алып шаһар тұрғындары Алматыға да аттанбайтын болды. Бұл үшін үшінші мегаполисте арнайы бөлімше ашылды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Шаһар аумағындағы №2 қалалық ауруханасының жанынан жүкті әйелдерді емдеуге арналған арнайы патология бөлімшесі қызметін бастап отыр. Жаңа орталықта дәрігерлер жүктіліктің 34 аптасынан бастап аяғы ауыр келіншектерді түрлі патологиялар бойынша бақылауда ұстайды. Яғни, бөлімшеде ЭКО арқылы жүкті болған, мерзімінен асқан жүктілік, артериалдық гипертензияның орта дәрежесі, жеңіл преэклампсия, анемияның ауыр дәрежесі, гестациялық қант диабетінің компенсация сатысындағы жүкті келіншектірді емдейді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, аталған медициналық орталық толығымен заманауи қондырғы-құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бастысы, ауруханаға қарасты перзентханада зертханалық қызмет тәулік бойы жұмыс жасайды екен. Қабылдау бөлімінде шұғыл шақырылым жүйесі де орнатылған. Бұл бойынша науқасқа қажет болған мамандар жедел ем-дом жасауға қауқарлы.
Айта кетейік, өткен жылы бұл перзентханада 3 500-ден астам әйел босанып, нәрестелі болды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда анағұрлым өскен. Яғни, 751-ге артық.