Шымкент циркінде белгілі аң үйретуші Андрей Корнилов жетекшілік ететін «Индира» цирк шоуының гастролі басталды. Көрермендер тура бір ай көлемінде, яғни сәуірдің 6-сы мен 5-мамыр аралығында үнді пілдері мен өзге де экзотикалық жануарлардың таңғажайып қызыққа толы өнерін тамашалай алады.
Айтулы шоу бағдарламаның ерекшелігі де сол: бұл – цирк манежіне бірден үш үнді пілі шығатын әлемдегі жалғыз қойылым. Сондай-ақ таңғажайып көрсетілім аясында цирк өнерінің жанкүйерлері аңызға айналған «Пілдермен жер жүзін айналып шығу саяхаты» аттракционының кейіпкерлері Корниловтар әулетімен танысып, әртістердің авторлық музыканың сүйемелдеуіндегі ерекше әсем хореографиялық жұмыстарының да куәсі бола алады.
Шоу бағдарламаның сюжеті бойынша Индира есімді қыз түсінде жабайы табиғат пен экзотикалық жануарлардың әлеміне кездейсоқ тап болып, ертегі кейіпкерлерімен бірге таңғажайып саяхатқа аттанады.
Айта кетейік, аң үйретуші Андрей мен Анастасия Дементьев-Корниловтар Мәскеуде өткен Цирк өнерінің бүкіләлемдік фестивалінің «Алтын сыйлығы» мен Халықаралық цирк өнері фестивалінде бірінші орын және «Алтын піл» сыйлығын, сонымен қатар Ижевскіде (Удмуртия) өткен Халықаралық цирк фестивалінің, бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, Ресей мемлекеттік цирк компаниясының «Шари-вари», Ресей цирк қайраткерлері одағының «Үздік әртіс-2012» (Андрей Дементьев-Корнилов) және «Үздік жыл аттракционы-2015» аталымында «Шебер» сыйлығы мен Цветной бульвардағы Никулин циркі Халықаралық цирк өнері фестивалінің «Алтын піл» Гран-приін иеленген.