02 сәуір, 17:32
Шымкент қаласында 2 сәуір күні коронавирус жұқтырған тағы 8 адам анықталды. Оның барлығы қауіпті індет анықталған үшінші науқастың отбасы мүшелер мен туыстары, деп хабарлайды Elitar.kz.
Науқастар қазіргі уақытта Шымкент қалалық жұқпалы аурулар аурханасына оқшауланып, ем қабылдауда.
Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Орын алған жайтқа байланысты аталған отбасы тұрған Тайманов көшесі мен оған жақын орналасқан Сәрсенбаев және Сүлейменов көшелері карантинге жабылып, 7 блок-бекет қойылды. Карантинге жабылған аумақта 70 үй бар. Ондағы тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылуда.
Айта кетейік, 2 сәуір сағат 17.30-дағы жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирус індеті 11 адамнан анықталды.