25 қаңтар, 19:20
Шымкентте араққа сылқия тойған ер кісі әйелін пышақтап тастады. Сұмдық жағдай 25 қаңтар күні сағат он екілер шамасында орын алған, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Ерлі зайыптылар арасында болған жағдайды Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі растады.
Сұмдық оқиғаның куәгерлері дереу жедел жәрдем шақыртып, пышақталған азаматша ауруxанаға жеткізілді. Дәрігерлер жарақаттанған әйелді бірден операция залына кіргізіп, күрделі ота жасап шықты.
"Азаматшаның қарын тұсына пышақ жарақаты тиген. Түскенде жағдайы ауыр болды. Операция жасалынды. Сондай-ақ, іш қуысында тіліктер бар. Отадан кейін де жағдайы ауыр болғандықтан жан сақтау бөліміне жатқызылды",-деді №1 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
Белгілі болғандай, азаматшаның жасы 49-да. Оқиға болған жердегі куәгерлердің айтуынша, азаматшаның бет аузы көгеріп кеткен. Ал әйеліне пышақ сұғып алған ер кісі оқиға орнынан қашып кеткен.
"Күдікті азаматтың жеке тұлғасы анықталды. Қазір күдіктіні жан жақты іздеу жұмыстары жүргізілуде",-деді Әсел Саденова Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.
Автор:
Elitar.kz