​Шымкентте мереке күндері 100-ге жуық сәби туылды

03 қаңтар, 15:23

Үшінші мегаполистегі демографиялық өсім мереке күндері де байқалды. Өткен жылдың соңғы түнінде қаладағы перзентханаларда бір емес, 39 шақалақ дүние есігін ашқан. Ақ халаттылардың сөзіне сенсек, бұл түні туылғандардың басым бөлігі - ұл балалар, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Мадина Серікбаева өткен жылдың 31 желтоқсанында толғағы қысып, перзентханаға түскен. Соның ертеңіне, яғни, жаңа жылдың алғашқы күнінде тұңғыш перзентін босанып алды. Осылайша алғаш рет ана атанған 24 жастағы кейіпкеріміз қызына "Айару" деген есім беріп үлгерген.

- Қызды болып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмын.Таңғы 5:05 кеткенде Айаруды дүниеге әкелдім. Сондықтан, перзентімді "звездам менің" деп еркелетіп жүрген жайым бар. Болашақта жұлдыздай жарқырайтын өнер адамы болатын шығар деп ойлаймын. Бақыттымын!",-деді ағынан жарылып Мадина Серікбаева.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының мәліметінше, 1 қаңтар күні шаһарымыздағы перинаталдық орталықта 23 сәби дүние есігін ашқан. Олардың 13-і ұл болса, қалғандары қыз бала екен. Қуантарлығы, аналардың барлығы да едәуір қиындықсыз босаныпты. Және қазір жағдайлары жақсы, тіпті алдыңғы қатарлары бүгін-ертең перзентханадан шығады.

Мегаполиске айналған шаһарда осы мереке күндері барлығы 100-ге жуық сәби туылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артық көрсеткіш. Яғни, бүгінде миллионды халқы бар Шымқалада жылына орта есеппен 30 мың сәби дүниеге келіп, демографиялық өсімнің артуына сеп болып келеді.