Шымкентте полицейді пышақтады деген жасөспірімдердің соты басталды

12 ақпан, 17:40

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта полицейге суық қару кезенгендерге қатысты сот процесі басталды. Сотталушылардың екеуі де өрімдей жастар. Оларға билік өкіліне күш қолдану, тонау, қарақшылық шабуыл жасады деген айып тағылып жатыр. Іс материалдарына сүйенсек, сыбайластар кәмелетке толмағандардың қымбат телефондарын тартып алып жүрген.

"Сотталушы М. жасы кәмелетке толмаған П. ның айфонын тартып алып тонау жасаған. Одан соң сыбайласы Т. мен бірге пышақ алып тағы да екі жәбірленушіге қарақшылық шабуыл жасаған. Сөйтіп олардың телефондары мен ақшасын тартып алған. Мұнымен де тоқтамай, 2018 жылдың 17 қазаны күні сотталушылар сауда орталығының автотұрағында көліктерді торуылдаған. Байқап қойған полицейлерге қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшысы, полиция қызметкері Нұржан Омаровтың 7 жерінен пышақтаған",- мемлекеттік айыптаушы Ермек Сейітбеков.
Сотталушылардың өздері тағылған айыпты тек ішінара мойындайтындықтарын айтты. Жасөспірімдердің ұялы телефондарын тартып алғандарын мойындады. Бірақ, полицейге шабуыл жасады деген айыппен үзілді-кесілді келіспей отыр. Сотталушы Т. пышақ өзінде болмағанын, полицей қалтасынан пышақты шығарып, өзін-өзі жарақаттағанын айтты. Сот процесі әлі де жалғасады.