Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды. Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей дүниеге келе сала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
16 наурызда дүниеге келген шақалақтар бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болған.
Айта кетейік, үшемнің анасы Арайлым Сембиева - 34 жаста. Айы-күні толмай туған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған (1350 грамм, 1790 грамм және 1910 грамм).
Қалалық перинаталдық орталықта күтілген нәрестелер осы уақыт ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарған.
Төртінші рет ана атанған 34 жастағы Арайлым Сембиеваның жақындары сәбилерге Медина, Алина және Ясина деген есім беріп отыр.