01 желтоқсан, 09:00
2019 жылдың қаңтар айынан бастап су тарифы 10 пайызға төмендейтін болды. Бұл туралы «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман Elitar.kz тілшісіне берген сұxбатында айтты.
Су тарифы жеке және заңды тұлғаларға бірдей арзандайды. Бұған дейін тұтынушылар 1 куб метрге 97,97 теңге, ал кәріз жүйесінің қызметіне 39,3 теңге төлеп келген.
"Мен Елбасының тапсырмасын дұрыс түсінемін. Тариф реттелуі керек. Артық шығындар болмау керек. Көппен көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Біз қарап отырып, өзіміздің шығындардың бәрін зерделеп, сараптамадан өткізіп, су және канализация қызметін 10 пайыз төмендетуге шешім қабылдадық",-деді Анарбек Орман.
«СУ ресурстары- Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы сөз барысында мекемедегі атқарылған жұмыстармен де бөлісті. Құйылған инвестицияның арқасында ескірген жүйелердің бәрі біртіндеп біршама тәртіпке келтіріліпті. 900 шақырымға жуық ескірген су жүйелері жаңартылған.
Атап өтерлігі, қаланы ауыз сумен қамтып отырған мекемеде заманауи үлгіде жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Зертханаға қаладағы 95 нүктеден жеткізілген судан сынамалар алынып, су құрамы тексеріледі. Алынған нәтижелер тұтынып отырған суымыздың ДДҰ бекіткен нормаға сай келетінін көрсеткен.
«Біздің су әлдеқайда таза. Мен суды краннан ішемін. Екі литр су болса, екі литрді де краннан ашып ішемін. Біздің судай су Қазақстанда жоқ»,-деді ол.
Автор:
Нұрзина Төреханова